Неге екенін қайдам, кейбір кісілермен жақын танысқан сайын одан алыстай бастайсың. Ал жаны жайсаң, жүрегі мейірімге толы жандармен қауышуға асығасың. Сондай жандардың бірі, қазақтың қарапайым қызы, біреуге ана, біреуге әже – Мәрия қажы.
Мәрия апаның бойынан имандылықтың иісі аңқып тұрғандай. Еліне, туған жеріне, халқына деген жанашырлығы елден ерекше. Мен ол кісімен Алланың бес парызының бірі қажылық сапарында жақын таныстым. Адамды жақын танимын десең, сапарға бірге шық демей ме дана халқым? Мария апай осы сапарда Ақтөбеден жалғыз ғана емес, қасына екі кісіні, қаражатын төлеп, ерте келген екен. Сапардың өн бойында отанға, елге, отбасына деген тілек-дұғаларымызды айтып, құлшылығымызды жасай жүре, бір-бірімізбен жақындасып кеттік. Осы сапар барысында Мәрия апаның садақа сұрағандардың қолын бос жібермейтіні, айналасындағыларына қолынан келген көмегін аямайтынын байқадым. Малын сойып, дастархан жайып сол сапарға барған қажыларды шақырып, құранын оқытудан, қасындағыларға хадия жасаудан да шет қалмады.
Жастайынан жетімдік пен жесірліктің дәмін татып, өмірдің ащылығына шыңдалып өсіп, қандай қиындық болса да, қасқая қарсы алып, ерге бермес қайтпас-қайратты мінезімен жеңіп шыға алатынына сенімді жан. Бұл кісінің бойындағы ерік-жігердің мықтылығы жауапкершіліктің жүгін тартай алмай, болмашының бодауында жүрген қыз-келіншектерге тамаша үлгі-өнеге!
Еңбекке ерте араласып, зейнет жасына жеткенге дейін есепшілік қызметті атқара жүріп, енесі мен анасына қоса 4 баланы тәрбиелеп, оларға жоғары білім алуларына бар жағдайын жасау бір өзіне оңайға түспегені ақиқат. «Жас кезіңде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегендей, қажы апамыз ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере мен шөбере сүйіп отырған жағдайы бар. Әсіресе, ұлы Нұрланға аса риза. Олай дейтін себебім, көп үміт күттірген ұлы үмітін ақтай білді. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, туған жердің түтінін түтетіп, туған топырағының ыстық-суығына көндігіп, биіктен көріне де білді. Бұл – әрбір ата-ананың өз перзенттерінен күтетін тілегі.
Қаржылық парызын өтеп, елге оралғаннан кейін де, зейнеткерлік жаста болса да, айналасындағыларына, еліне қолынан келген көмегі мен білген ислами құндылықтарды насихат ету мақсатында Қазақстан қажылар қауымдастығының Ақтөбе облысы бойынша «Мұсылман қыздар және әйелдер» департаментін басқарумен айналысуда. Ұлтымыз сан жылдар бойы жинақталған салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыпымызды сақтап қалу мақсатында адами құндылықтарымыз бен ислами тәрбиені әйел азаматтарының бойларына сіңіріп келеді.
Ақтөбе аймағында қандай бастамалар болып жатса, Мәрия қажы сол жерден табылады. Мектептердегі жоқ- жітік балаларға жыл сайын қолдауын көрсетіп отырады. Соғылып жатқан мешіттер мен кесенелерге де қол ұшын берумен қатар жұртты жұмылдырып, бірлікке шақырып, бастаған істі аяқтатуға өз үлесін қоса жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтін тірлік. Тіпті Түркістандағы медресеге де шатырын жабуға көмек қолын созғанынан хабардармын. Ал бізге мәлім болмағаны қаншама? Исламда «оң қолыңмен бергеніңді сол қолың білмесін» деген бар. Осыншама жұмыстарға атсалысқанын Мәрия апайдың еш уақытта жария етпей, білдірмеуінің өзі қарапайымдылықтың керемет көрінісі іспетті.
Бұл кісінің тағы бір қасиеті – халқымыздың өнерін жоғары бағалауы, өнер адамдарын құрмет тұтуында. Өнерді де қатыгездікке жаны қас, жүрегінің жылуы бар адам түсінбеуші ме еді?! Қазақтың біртуар ұл-қыздары, мақтаныштарымыз Роза Бағыланова, Б.Төлегенова, Е. Серкебаев, Е Хасанғалиев, М. Илиясова т.б. көптеген өнер жұлдыздары мен мемлекет қайраткерлері Қандыағашта болғанда Мәрия апайдың үйіне ат басын бұрмай, қолынан дәм татпай кеткен емес. Сол өңірдің бетке ұстар азаматтары ретінде Мәрия апай мен Нұрланның шаңырағы, «Би бол, би болмасаң, би түстетін үй бол» дегендей, қонақтан арылған емес екен.
Алматыға келген сапарында Қазақстан қажылар қауымдастығының мүшелерімен бірге Талғар қаласындағы «Нұр» балалар үйіне бірнеше мәрте барып, балалармен танысып, 300-дей баланы тәрбиелеп, өсіріп отырған еліміздің өнегелі отбасы Әнуар аға мен Тұяқ апайды балаларымен және Қазақстан Қажылары Қауымдастығы мүшелерін Ақтөбе өңіріне қыдырып қайтуға қонаққа шақырды.
Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде Тұяқ апай балаларымен және ҚҚҚ-ның төрағасы Дуанаев Еркінбай бастаған қажылар тобы Ақтөбеге бет алдық. Жолай кең байтақ қазақ жерлерін балаларға таныстыра отырып, Ақтөбе вокзалына келіп жеттік. Мәрия қажы ұлы Нұрланмен құшақ жая қарсы алды.
Екі күндік сапарымыз балаларға ғана емес, үлкендерге де өміріміздегі ең бір қызықты, есте қаларлық естелік болып қалды. Бізді алдымен өздері тұратын Қандыағашқа алып келді. Сапарымыздың бисимилласы Мәрия қажының көп жылдар бойы еңбегі сіңген мешітінен басталды. Мешітте намаз бен құранды оқып біткенде, Мәрия апай осы мешіттің өмір тарихымен таныстырды. Мешітті салғанға дейін осы қалашықта неше түрлі апаттар орын ала берген екен. Ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, мешіт тұрғызуды қолға алады. Мешіт біткеннен кейін апаттардың ауылы алыстап, көптеген жұмыс орындары мен кен орындары ашылып, ауылдың тұрмысы түзеле басталған.
Аулымызға қонақтар келіп жатыр деген соң ауыл әкімі де қарап жатсын ба, үлкен ас беріп, мәдениет үйіне ауылдастырын жинап, «Қайырымдылық – даналыққа бастар жол» атты үлкен мәдени-имани кеш өткізді. Кештің соңында ауыл көркемөнерпаздары мен «Нұр» балалар үйінің бишілерінің өнерін тамашаладық. Кешке келген көрермендер қажылардың уағыз-насихаттары мен ән-жырға сусындап, қуанышты көңілмен Мәрия қажыға рахметін айтып, тарқап жатты. Ертеңіне батыр аталары – Көтібар, Әсет бабаларының басына апарып, олардың елін қалай қорғағандары жайлы естеліктер айтып, ас беріп, құран бағыштады. Әрі қарай сапарымыз Алғадағы жетім балалар үйіне барумен жалғасты. Балалар үйінің тұрмыс-жағдайымен таныстырып, олардың ұйымдастырған концерттерін көріп, біраз жайттарға қаныға түстік. Мұндағы сапарымызды ұйымдастырушысы Мәрия апайдың көмекшісі, іскер кісі СВЕТАның атқарған шаруасына риза болғанымыз өз алдына.
Мәрия апайдың дайындағаны бұнымен де біткен жоқ. Ақтөбені аралата жүріп, анадайдан мен-мұндалап, көркімен айналасына сән беріп тұрған «Нұр ғасыр» мешітін айналып өтіп кете алмадық. Бұл жерде де біздің келетінімізден хабардар болса керек, Ақтөбенің біраз кәсіпкерлікте жүрген азаматтары жиналып, асханасынан ас беріп, жылы жүректі кездесулер орын алды.
«Нұрдәулет» мештіне де барып, кешенімен танысып, балалар ойын алаңдарына есі шыққанша ойнағандары, адамдардың балаларға деген үлкендік ықыластарының шексіз екендігіне іштей риза болдық. Ақтөбе қаласындағы соңғы түскен жеріміз – балалардың жазғы демалыс орындары екен. Барлығы бізді қонақжайлықпен қарсы алып жатыр. Әрине, біздің осыншама құрметке ие болып жатқанымыз – бұл кісілердің Мәрия қажыға деген үлкен ілтипаттарының салмағында болып тұрғаны анық.
Өзге жандардың бақыты, балалардың мұңсыз жүздері үшін шаршағандарын да елемей, осы жасқа келгенше аянбай тер төгіп жүрген Тұяқ апай мен Мәрия апайлардай батыр аналарымыз – қадірлеуге, олармен мақтануға тұрарлық ерекше тұлғалар. Бұл кісілердің халыққа сіңірген еңбектерін тарихқа алтын әріппен жазуға лайық жандар. «Ана» деген ардақты атты асқақтатып жүрген батыр аналарымызға Алланың нұры жауып, екі дүниенің бақыты бұйырсын деп тілеймін!
Қазақтың батыр аналары.
Автор: Қалбибі Жолшықызы. 27.09.2014ж.